Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасында орындалды


НазваниеДиссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасында орындалды
страница1/4
рымбетова Г Р
Дата конвертации27.09.2012
Размер0,57 Mb.
ТипДиссертация
Год2008
  1   2   3   4



ӘОЖ 316.334.3:32-047.44(574) Қолжазба құқығында


ӘБДІҚАЛЫҚ АЙНУРА ӘБДІҚАЛЫҚҚЫЗЫ


Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты:

саяси талдау


23.00.02 - Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар


Саяси ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ


Қазақстан Республикасы

Алматы 2008

Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасында орындалды





Ғылыми жетекшісі: философия ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттаров Р.Б.


Ресми оппоненттері: саяси ғылымдарының докторы Нұғманова Қ.Ж.


саяси ғылымдарының кандидаты Ахметова М.М.


Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану кафедрасы


Диссертация 2009 жылы «23» қаңтарда сағат­­ 14.00 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 23.00.02 - саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар мамандығы бойынша саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалатын Д.14. 21.03. диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13.


Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30) танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы «23» желтоқсанда таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

саяси ғылымдарының докторы Нұрымбетова Г.Р.


КІРІСПЕ



Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясаттың жалпы теориялық негіздері, саяси институттар мен үрдістерде алатын орны теориялық-әдіснамалық тұрғыдан зерттеліп, саяси талдауға ұмтылыс жасалды. Әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру жағдайында әлеуметтік саясатты зерттеу қазіргі заман талаптарына сәйкес шетел тәжірибелерімен салыстырыла отырып жүргізілді. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясаттың, саяси проблемалардың деңгейін айқындауға, оларды шешудің жолдары мен негізгі бағыттарын анықтауға салмақты мән берілді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңда өркениетті даму жолына түскен Қазақстан Республикасы қоғамның барлық саласында аса маңызды реформаларды жүзеге асыруда. Бұл реформалардың ішіндегі ең күрделісі әрі өте байыптылықты қажет ететін бағыты әлеуметтік саладағы реформалар болып табылады. Өйткені, біріншіден, әлеуметтік мәселе адамдардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты болғандықтан үнемі күн тәртібінде тұрады; екіншіден, мемлекеттің әлеуметтік саясаты әрқашан халықтың назарында болып, оның талқысы мен сынына түсіп отырады. Сондықтан да әлеуметтік саясат мемлекеттілікті орнықтыру мен мемлекетті басқаруда аса маңызды орын алады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің негізгі бағыттарының бірі - әлеуметтік мемлекет құру. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы бойынша біздің еліміз әлеуметтік мемлекет деп жарияланған. Сонымен қатар, мемлекетіміздің басты Стратегиялық құжаты - «Қазақстан-2030» бағдарламасында елімізді әлеуметтік мемлекетке айналдыру мәселесі басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетіледі [1]. Бұл әлеуметтік мемлекет қалыптастыруды басты нысан етіп алған билік өзінің саяси жауапкершілігін сезінетінін дәлелдейді. Бір қарағанда, әлеуметтік мемлекет немесе әлеуметтік саясат деген мәселелердің күрделілігі байқалмай, түсінікті болып көрінгенімен, оның ішкі мәнін кез келген қарапайым адамның түсіндіріп беруі екіталай. Себебі, ұсынылған идея қоғамдық санада, халықтың күнделікті өмірінде өте қарапайым деңгейде тараған. Қалай дегенмен де, бұқара халық белгілі бір дәрежеде әлеуметтік мемлекет дегеніміз не, оның қасиеті, негізгі белгілері, өзіне тән ерекшеліктері, қызметі туралы нақты білуі қажет. Сондықтан, әлеуметтік мемлекет мәселесін барлық қырынан зерттеп қарастыру, оның мәні мен мазмұнын ашып көрсету теориялық және қолданбалық жағынан көкейкесті әрі маңызды мәселелердің бірі екендігі ешбір дау тудырмасы анық.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік басқару тәжірибесінде қоғамның сұраныстары мен талаптарына жауап бере алатын мемлекеттің әлеуметтік саясатты орнықтыру саясаты жүзеге асырылуда. Ал өркениетті елдерде әлеуметтік мемлекет үлгісі жасалып, соған көшу үрдісі жүзеге асырылып жатқанда бұл мәселенің біздің еліміз үшін өзектілігі зор. Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының негізгі тұжырымдары айқындалып, оны жүзеге асырудың тетіктері әлі де болса жетілдірілу үстінде екенін ескерсек, бұл мәселелер бойынша тиімді ғылыми ұсыныстар жасаудың да маңызы зор деп есептейміз. Сол себепті қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты мәселелерінің өзектілігі оны ғылыми тұрғыда зерттеудің аса қажет екенін айқындап тұрса керек. 1999 жылы ЮНИСЕФ-тің Ұлттар Дамуы бағдарламасында: «Ұлттың болмысы әскери қуаты мен күші арқылы емес, астаналарының көркі мен қоғамдық сарайларымен емес, ондағы адамдардың өмір сүру сапасымен бағаланады; денсаулық жағдайы, тамағы мен білімі, еңбегінің жеткілікті ақысы, шешім шығара алатын мүмкіндіктері, азаматтық және саяси еркіндіктері құрметі, үйсіз-күйсіздерді қамқорлыққа алуы, өскелең ұрпақтың ақыл-есінің дамуы мен дендерінің саулығы арқылы бағаланады...» деп әлемдік саясаттың жаһандық сипаттағы қазіргі саяси үрдістерінің даму бағытына тереңірек принциптік түрде негіз қалады [2].

Әрбір ғылым теория негізінде пайда болып, тәжірибе жүзінде қолданбалы салаға айналады. Ғылымның адамзат игілігіне жұмыс істеуі қоғамның қарқынды дамуының жаңа белестеріне жетелейді. Көтеріліп отырған мәселенің көкейкестілігі саясаттану ғылымынан бастау алатындықтан, қазіргі кездегі демократиялық басымдықтар саяси үрдістер мен нарықтық қатынастарда қатар дами отырып, қоғам өміріндегі саяси және әлеуметтік өзгерістерді зерделеуге мүмкіндіктер береді. Саясат пен оның шешімдерінің, саяси қызметтің әлеуметтік саясатпен байланысы барынша шоғырланған түрде көрініс береді. Сондықтан әлеуметтік саясаттағы қарым-қатынас адамзат өмірінде дүниетанымдық әрі әдіснамалық маңыздылығымен айқындалады. Ал, мемлекет саясатының қоғам өміріне әсері болмайтын болса, оның нақты әлеуметтік мағынасынан айырылып, базистік тетігін жоғалтуы ықтимал.

Дүниеде адам пайда болғалы объективтік шындық ретінде адамдардың мүдделі топтарының қалыптасуы әлеуметтік және саяси мүдделерді өмірге әкелді. Бұл тарихи үрдістер әсіресе демократиялық бағытты таңдап алған Қазақстанның да дамуына тікелей әсерін тигізді. Қазақстан Республикасы экономикасы нарықтық қатынастарға өтуге байланысты әлемдік нарықтың талаптары мен заңдылықтарын қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, қарқынды экономикалық-саяси жаңғыру ағымында әлемдегі дамыған индустриалды елдердің әлеуметтік саясат тәжірибелерін меңгеруінің де маңызы зор. Әлбетте, әлемдік деңгейдегі үрдістерге тең дәрежеде араласу үшін мемлекет ішкі саяси - әлеуметтік қатынастары мүмкіндіктерінің теориялық, құқықтық және қолданбалы негізін нығайтуы қажет. Әлеуметтік саясаттың басымдықтарының ерекшеліктерін зерттеу мақсатында әр елдегі жалпы саясаттағы оның алатын орнын, даму бағыттарын қарастыру қоғамтану, саясаттану, экономика, әлеуметтану және заң ғылымдарының өзекті мәселесі болмақ.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Саясаттану ғылымында әлеуметтік саясатты зерттеу маңызды орын алады. Әлеуметтік саясат проблемасы ғасырлар бойы экономика мен саясаттану, заң және әлеуметтану саласындағы ғалымдардың еңбектерінде үнемі көтеріліп келеді. Жалпы алғанда саясаттану қоғамдық құбылыстарды, оның субьектілерінің арасындағы қатынастарды анықтайтын ерекше ғылым саласы ретінде біртіндеп қалыптасты. Оның билік пен меншік түрлерінің өзгеріске ұшырауын, қоғамдық қатынастарды саралап жіктеп, олардың саясаттағы орны мен рөлін адам өмірінде айқындап отыруы, зерттеушілердің назарынан тыс қалмады. Оған дәлел – Джон Локктің, Жан Жак Руссоның еңбектері саяси ғылымның көкжиегін кеңейтіп, тереңірек толықтырды. Джон Локк моральдік-саяси доктринасында саясат туралы ғылымда мемлекеттің пайда болуы парасатты сананың арқасында деп көрсетеді [3]. Мемлекет заңдарды шығару арқылы оның орындалуын азаматтардан талап ету құқығына ие екендігін түсіндіреді. Сонымен қатар азаматтарға өмір сүру құқығы, еркіндік пен жеке меншіктерін қорғау сияқты қарапайым құқықтарын да зерттейтін сала ретінде қарастырып қана қоймай, олардың мұқтаждықтарының орындалуын мүмкіндіктермен қамтамасыз ету туралы айтылып кеткен болатын. “Қоғам мүшелерін қорғау және олардың амандықта екендігін білдіретін ең сенімді белгі бұл – олардың саны мен өсуі” деген Жан Жак Руссо [4]. Ол саяси биліктің жүргізіп отырған саясатының негізгі басымдықтары айқындалмай, оның толық саяси дұрыс шешімдерге негізделген бағыт-бағдарын жасақтамай, осы саладағы саяси институттардың міндеттері мен қызметтерінің жемісті нәтиже беруі екіталай екендігін атап көрсетеді.

Саяси ғылымда әлеуметтік саясаттың тарихи-ғылыми негізі Шарль Луи Монтескьенің «Заңдар рухы туралы» еңбегінен бастау алады[5].

Саясаттану ғылымының теориялық және қолданбалы негіздері де қай мемлекеттің болмасын әлеуметтік саясатының бағыт-бағдарын айқындауда оның ішкі мәніне тереңірек үңілуге мүмкіндіктер береді. Теориялық саясаттану саяси идеялардың дамуын, пайда болуын, саяси билікті, саясаттың обьектілері мен субьектілерін, саяси жүйені, саяси үрдістерді, саяси қатынастарды, саяси мәдениеттерді және т.б. құбылыстарды жүйелі түрде зерттей отырып, біздің тақырыбымыздың нысаны болып отырған әлеуметтік саясаттың теориялық - әдіснамалық негізінің өзегіне айналады. Ал, қолданбалы саясаттану арқылы саясат аясындағы адамдардың және әртүрлі әлеуметтік субьектілердің белсенді іс-әрекеттері тәжірибеге алынып, яғни мұнда тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саяси қатынастар, мемлекеттің әлеуметтік саясаты және оның жүзеге асырылуы, оның халықтың әл- ауқатын арттырудағы тиімділігі немесе тиімсіздігі көрініс тауып отырғандығы және т.б. сияқты мәселелердің түйінін шешуге ұмтылыс жасалады.

Әлеуметтік саясатқа ғылыми тұрғыда ерекше мән беріп, оның теориялық әдіснамалық негізін тереңдетуге О.В. Байдалова, Ф.Э. Бурджалов, Д. Белл, Дж. Гэлбрейт, Е.А. Гонтмахер, В.И. Жуков, С. И. Калашников, Дж. Кейнс, В.Н. Лексин, Дж. Миллъ, Т.В. Негина, Дж. Робинсон, И. А. Соболева, А.Н. Швецов, А. Фон Хайек сынды еуропалық және ресейлік ғалымдардың да қомақты үлес қосқандығы белгілі[6].

Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты мен әлеуметтік мемлекет құруының ғылыми-теориялық тұжырымдамасы және оның негізгі бағыттары мен жүзеге асырылу жолдары ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері мен жыл сайынғы халыққа Жолдауларында да ерекше атап көрсетіледі. Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында әлеуметтік саясаттың мемлекеттік саясаттағы орны мен ролі қаншалықты дәрежеде екендігінен нақты мәліметтер беріледі.

Әлеуметтік саясаттың зерттелу мәселесінде кеңестік дәуірде жарық көрген ғылыми еңбектерді назардан тыс қалдыру ғылыми әділетсіздік болар еді. Бұл еңбекті қайта сараптау мен сын тұрғысында салыстырмалы саяси талдау Кеңес Одағында әлеуметтік мемлекет құру тәжірибесінің, яғни социализмнің неліктен сәтсіздікке ұшырағандығы туралы ой қорытуға мүмкіндік береді. Мұндай еңбектердің қатарына С.Б.Баишевтің, Ф.М. Бородкиннің, Ю.Е. Волков пен В.З. Рогозиннің, С.С. Шаталиннің және т.б. ғылыми зерттеулерді жатқызуға болады [7].

Әрбір елдегі саяси трансформациялар жағдайында әлеуметтік саясаттың сипатына ерекше көңіл аударылатыны заңды құбылыс. Өйткені, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан мен бұрынғы одақтас республикаларда рухани және ғылыми құндылықтарды қайта қарау үрдісі басталды. Ол әлеуметтік мемлекет пен әлеуметтік саясат сияқты саяси ойда да орын алды. Бұл үрдіс нәтижесі әлеуметтік саясат бойынша жарық көрген еңбектердің теориялық және институционалдық негіздерінің дамуына ықпал етіп отыр. Оны саясаттанушы ғалымдардың әлеуметтік саясат мәселесіне тереңдей назар аударып, тақырыпты ғылыми тұрғыда кеңірек талқылауынан, аталмыш мәселеге қатысты арналған еңбектер санының өсуінен көруге болады. Осыған орай саясаттану ғылымында Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың теориялық және құқықтық негіздеріне талдаулар жасалуда. Отандық зерттеуші-ғалымдардың, саясаттанушылардың ғылыми-зерттеушілік еңбектерінде әлеуметтік саясаттың кейбір мәселелеріне - табиғатына, мәніне, құрылымы мен қызметіне, жүзеге асырылу механизмдеріне талдаулар жасалуда. Мұндай ғылыми зерттеулердің қатарына А.Ж. Абдрахманованың, Н.А. Аитовтың, М.М. Ахметованың, Р.Б. Әбсаттаровтың, Р.С. Жарқынбаеваның, А. Каримовтың, Н.И. Мұстафаевтың, А.Ж. Мұқажанованың, Н.З. Нығматулиннің, Қ.Ж. Нұғманованың, М.Б. Тәтімовтің, И.Н. Тасмағамбетовтің және т.б. авторлардың еңбектерін жатқызуға болады [8]. Дегенмен жоғарыда аталған жұмыстарда Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясаттың теориялық-әдіснамалық негізін жан-жақты зерттеу, әлеуметтік саясатқа саяси талдау жасау арнайы мақсат етіп қойылмаған. Бұл ғалымдар мен зерттеушілер аталмыш мәселенің тек жекелеген аспектілерін ғана қозғаған. Бұл еңбектер біздің зерттеп отырған мәселеміздің түрлі қырынан ашылуына, оған кешенді саяси талдау жасауға мүмкіндіктер береді.

Сондай-ақ әлеуметтік саясаттың кейбір аспектілері ғалымдарымыз М.С. Аженов, К.Г. Ғабдуллина, С.М. Борбасов, К.Н. Бұрханов, Ә.Х. Жүнісов, Л.М. Иватова, А.И. Лұқпанов, Р.А. Нұртазина, А.Н. Нұрмағамбетов, Н.В. Романова, Т.С. Садықов, М.С. Садырова және т.б. өз еңбектерінде қарастырады. Әлеуметтік саясаттың теориялық-әдіснамалық негізі мен өзекті саяси проблемалары дербес зерттеу нысанына алынбағандықтан біз осы мәселелердің жүйелі түрде саяси талданбағанына көз жеткіздік. Қазақстан Республикасындағы саяси мәселенің негізгі тетіктерінің біріне айналған қазіргі кезеңдегі әлеуметтік саясаттың саясаттану ғылымындағы теориялық негізі мен практикалық қолданылуын саяси талдау тұрғысында кешенді зерттеудің қажеттілігі даусыз екені айқындалып отыр.

Тақырыпты зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Әлеуметтік мемлекет құру жолындағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатына саяси талдау жасай отырып, оның мәні мен мазмұнын ашып көрсету диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Сонымен қатар әлеуметтік саясатты жүзеге асырушы саяси институттардың қоғамда алатын рөлін анықтау да қажеттілік болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін мынандай міндеттерді шешу көзделіп отыр:

  • демократиялық мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың теориялық әдіснамалық негізін зерттеу;

  • әлеуметтік саясаттың саяси институттар мен үрдістерде алатын орнына әдіснамалық талдау жүргізу;

  • әлеуметтік мемлекет құру жағдайында мемлекеттің әлеуметтік саясатының үлгілеріне талдау жасау;

  • мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының теориялық мәселелерін анықтау;

  • әлеуметтік саясаттың саяси-құқықтық негіздерін сараптау және осы саясатты жүзеге асыруда заңнамалардың атқаратын қызметін ашып көрсету;

  • қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясат мәселелерінің деңгейін анықтау және олардың шешілу жолдары мен негізгі бағыттарын айқындау;

  • мемлекеттің әлеуметтік саясатты жетілдіруінің басым бағыттары бойынша тиімді және практикалық мәні бар ұсыныстары мен кеңестерін беру.

Зерттеу жұмысының гипотезасы әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жолындағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты еліміздің тарихи және рухани даму ерекшеліктері ескеріле отырып, алдыңғы қатарлы дамыған әрі әлеуметтік мемлекет қалыптастырған елдердің озық тәжірибесі оңтайлы пайдаланылған жағдайда тиімді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады деген болжамға негізделген. Біздің ойымызша Қазақстан үшін Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Норвегия сияқты экономикасы табиғи байлыққа (мұнайға) негізделген елдердің тиімді жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясатының тәжірибесін ескерген дұрыс болар еді.

Жетекші идея. Әлеуметтік мемлекет құруды басым бағыт ретінде таңдап алған мемлекет үшін оны жүзеге асырудың ең басты кепілі тиімді әрі тұрақты даму жағдайында болатын мемлекеттік әлеуметтік саясат жүйесін жасау болып табылады. Сол себепті мемлекеттің ішкі мүмкіндіктері мен әлемдік тәжірибені оңтайлы пайдалану ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына негіз болады.

Зерттеудің негізгі нысаны: Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары және оны жүзеге асырудағы саяси институт ретіндегі мемлекеттің атқарып отырған қызметі болып табылады.

Зерттеу жұмысының пәні: Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының қалыптасу және жүзеге асырылу тетіктері; саяси институттар мен азаматтық ұйымдардың әлеуметтік саясат үрдісіндегі іс-әрекеттері мен өзара байланысы.

Зерттеудің теориялық - әдіснамалық негізі. Диссертациялық зерттеудің теориялық негіздері ретінде ғылыми саяси ойды қалыптастырушы ойшылдар мен ғалымдардың, еуропалық, ресейлік және отандық саясаттанушы, философ, әлеуметтанушы, экономист, құқықтанушы ғалымдардың теориялық еңбектерімен қатар Президент Н.Ә. Назарбаевтың да еңбектері басшылыққа алынды.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының қалыптасу ерекшеліктерін зерттеуде тарихи-философиялық, институционалдық, жүйелік, пәнаралық, құрылымдық-функционалдық, статистикалық және салыстырмалы сараптау әдістері кеңінен қолданылды. Бұл әдістерді қолдану арқылы әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жағдайындағы Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясатты күрделі, кешенді әрі тұрақты даму үстінде болатын жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік алдық.

Тақырыптың дерек көздері. Тақырыптың зерттеу көздеріне негіз болған теориялық және нақтылы фактілерге негізделген ғылыми зерттеулер. Диссертациялық жұмыста негізінен төмендегідей нормативтік актілер мен басқа да ресми құжаттар пайдаланылды.

Тақырыпты зерттеуге теориялық негіз болған әлеуметтік саясатты терең зерттеген қоғамдық ғылым салалары бойынша зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектері, соның ішінде әлемдік философиялық ой өкілдерінің осы мәселе бойынша жасаған ғылыми тұжырымдамалары. Сонымен қатар, қазіргі замандағы отандық және шетелдік, ресейлік зерттеушілердің әлеуметтік саясатты талдауға бағытталған ғылыми мақалалары мен монографиялары және зерттеушілік еңбектері.

Қазақстандағы әлеуметтік саясатты саяси талдауға негіз бола алатын Қазақстан Республикасының осы бағыттағы қабылданған заңдары мен нормативтік актілері. 1991 жылы қабылданған «Халықты еңбекпен қамту туралы» алғашқы Заңы, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңдарына және Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғыларына, Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулыларына ( мәселен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 27 маусымдағы № 886 қаулысымен мақұлданған), Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасы сияқты нормативтік актілеріне сүйенеді. Аталған заңнамаларға енгізілген қосымшалар мен түзетулер де диссертациялық жұмыста қолданылды. Сонымен қатар зерттеуде елдің Стратегиялық даму бағдарламалары мен Қазақстан Республикасының Президентінің еңбектері мен халыққа жолдаған Жолдаулары жетекшілік қызмет атқарды.

Дүниежүзінде әлеуметтік саясаттың ортақ үлгісін құрастырудағы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуроодақ, Даму банкі, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың ресми құжаттары кеңінен пайдаланылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары туралы Декларациясынан бастап, Бүкіләлемдік еңбек ұйымының, Сауда және Даму конференциясының басшылығымен қабылданған шешімдері, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құқықтық мәртебесін айқындайтын Жарғысы және сол сияқты халықаралық институттардың құжаттары да диссертацияда қолданылды.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің, Білім және Ғылым Министрлігінің, Қазақстан Республикасы статистикалық Агенттігінің ақпараттары мен есептері, түрлі отырыстардың шешімдері және басқа да ресми құжаттар пайдаланылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жергілікті билік органдарының әлеуметтік саясатқа байланысты ресми құжаттары және қаулылары пайдаланылды.

БАҚ аналитикалық материалдары, статистикалық жинақтар мен интернет-сайт материалдары да қолданылды.

Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы көтеріліп отырған мәселенің қазіргі кезең талаптарына сай өзектілігімен, жеткілікті зерттелмегендігімен, зерттеу нысанасына ілінбеген тың мәселелерді жүйелеуімен әрі саралап талдауымен, зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне тікелей байланысты қажеттілік талабынан туындайды және әрбір тарауда көтеріліп отырған мәселелерге сай анықталады. Диссертацияда қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатына теориялық тұрғыда жан-жақты саяси талдау жасала отырып, қоғамның саяси жаңғыруы жағдайында мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзіндік үлгісі қалыптасып келе жатқандығы ғылыми тұрғыда негізделді. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясатқа саясаттанулық талдау жасау негізінде мынандай жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

  • әлеуметтік саясат мемлекеттің тұрақты саяси дамуын қамтамасыз ететін ең тиімді саяси құрал екені нақтыланды;

  • Қазақстан Республикасында әлеуметтік саясат жалпы қоғамның әлеуметтік даму үлгісіне емес, көп жағдайда әлеуметтік көмекті қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсету үлгісі ретінде жүзеге асырылып отырғаны айқындалды;

  • әлеуметтік саясаттың негізгі қағидалары, бағыт-бағдарлары және даму жолдары нақтыланып, айқындалып көрсетілді;

  • әлеуметтік саясаттың мәні мен мағынасы, қоғам дамуындағы орны мен рөлі теориялық-әдіснамалық тұрғыдан зерттелді;

  • алдыңғы қатарлы дамыған елдердің әлеуметтік саясатынан алынған тәжірибе мен еліміздегі аталған саясаттың ерекшеліктері салыстырмалы түрде зерделенді;

  • Қазақстанның әлеуметтік саясатты реттеуге бағытталған заңнамалық және құқықтық нормаларын саяси талдау арқылы саяси институттардың саяси үрдістерге қатысу жолдары нақтыланды;

  • мемлекеттік билік және қоғам субьектілерінің әлеуметтік саясатты іске асыру арқылы өздерінің жоспарлау және басқарушылық, реттеушілік қызметін орындауының дәрежесі анықталды;

  • елімізде әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттырудың кейбір бағыттары мен жолдары жөнінде қолданбалы маңызы бар өзіндік ұсыныстар жасалды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар Қазақстан Республикасындағы қазіргі кезеңдегі әлеуметтік саясатты зерттеу проблемаларының қойылуымен айқындалады. Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарына саяси талдау жасаудың нәтижесінде ұсынылған негізгі тұжырымдар:

  • қазіргі қоғамның саяси - әлеуметтік дамуында әлеуметтік саясат маңызды роль атқарады және әлеуметтік саясаттың пәрменді жүргізілуі мемлекеттің тұрақты саяси дамуының кепілі болуымен қатар экономикалық дамудың сапалық деңгейінің көрсеткіші болып табылды;

  • Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясаты экономикалық реформалардың нәтижелеріне мейлінше тәуелді болып келетіндігі және әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік институттары сақталғандығы негізделді;

  • қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясаты енжарлық (пассивті) бағыттан белсенді (активті) бағытқа ауыса бастағандығы айқындалып, ашып көрсетілді;

  • Қазақстан Республикасында әлеуметтік саясаттың қоғамдық институттары - кәсіподақтардың, қайырымдылық көрсететін ұйымдардың т.б. белсенділігі артып келе жатқандығы анықталып, тұжырымдалды;

  • жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту барысындағы билік субьектілерінің әлеуметтік саясатты іске асырудағы қызметінің ықпалы жетекші орын алатындығы айқындалды;

  • Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының бағыт-бағдарын, ерекшеліктерін, ұстанымдарын, даму жолдарын және келешегін сараптау арқылы әлеуметтік саясаттың орны мен рөлі маңызды саяси ұстаным ретінде негізделді;

  • мемлекетіміздің әлеуметтік саясат тұжырымдамасының өлшемдері, әлеуметтік қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдік, әлеуметтік әріптестік сияқты әлеуметтік мәнге ие болып отырған іс - шараларды үйлесімді түрде жүзеге асыру жолдары қалыптасқандығы тұжырымдалды;

  • әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру жолдары мен тетіктерін тауып, айқындап берді;

  • Қазақстан үкіметінің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне үлкен талаптар қоюы әлеуметтік саясаттың проблемаларын шешу жолдарына қатысты мәселелерден туындады.

Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы. Диссертациялық зерттеу жұмысында берілген теориялық және практикалық тұжырымдар саясаттану ғылымындағы өзекті саяси-әлеуметтік мәселелерді зерттеп зерделеудің жаңа бағыттарын толықтыра түсуге мүмкіндіктер береді. Жұмыстың ғылыми-теориялық маңыздылығы – Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясаттың даму бағыттарының теориялық тұрғыдан дәйектелуіне ұмтылыс жасалуында. Диссертациядағы саяси талдау нәтижелері мен қорытындыларын мемлекеттік әлеуметтік саясатты реттеуде, мемлекеттік билік органдарының рөлі мен орнын анықтауда саясаттану, әлеуметтану, заң ғылымдары мен экономика ғылымдарының қажетті салаларында пайдалануға болады.

Практикалық маңызы - диссертациядағы ұсыныстарды, қорытындылар мен тұжырымдарды Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын айқындаудағы және қалыптасу үрдісіндегі әлеуметтік саясат үлгісін жетілдіруде үкіметтік құжаттар мен актілерді жасау үшін, үкіметтің әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы іс-шаралары мен бағдарламаларын іске асыру үшін, билік, саяси институттар, азаматтық ұйымдар арасындағы өзара ықпалдастық пен байланысты реттеуде кеңінен пайдалануға болады.

Диссертация материалдарын Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында теориялық және қолданбалы саясаттану бойынша дәріс материалдарына немесе арнаулы курстар жасау үшін қолдануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі мазмұны, қағидалары мен қорытындылары автордың 10 ғылыми мақалаларына өзек болған, оның ішінде үш халықаралық ғылыми – практикалық конференцияларда (Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастар жағдайындағы мемлекеттік басқарудың құқықтық мәселелері атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (30 қараша, 2006 жыл), Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында көрсеткен «Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының маңызды бағыттарын жүзеге асыру міндеттері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (24 сәуір, 2007 жыл), Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында көрсеткен «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуінің негізгі басымдықтарын жүзеге асырудың жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (21 сәуір, 2006 жыл)) мақалалары жарық көрген. Диссертацияда қамтылған зерттеу материалдары теориялық-әдіснамалық және методикалық құралдар ретінде жоғарғы оқу орындарында қолданылады.

Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универститетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының мәжілісінде (18 маусым, 2008 жыл) талқыланып қорғауға ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация құрылымы оның тақырыбының, мақсаты мен міндеттерінің негізгі бағыттарына сәйкес құрылды. Қорғауға ұсынылып отырған диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, алты тараушадан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі 148 бет.
  1   2   3   4

Разместите кнопку на своём сайте:
поделись


База данных защищена авторским правом ©dis.podelise.ru 2012
обратиться к администрации
АвтоРефераты
Главная страница